7.04.2014
«СКАТ» авиакомпаниясының ұшағы Астана әуежайына авариялық жағдайда қонды

2014 жылғы 07 сәуірде сағат 10:57-де «СКАТ» авиакомпаниясының Шымкент – Астана бағыты бойынша ұшып бара жатқан Боинг-737 ұшағы алдыңғы шасси мәселесі себебінен Астана әуежайына авариялық жағдайда келіп қонды.
Кестеге сәйкес рейс сағат 09:25-те ұшып келуі тиіс еді, бірақ техникалық ақаулыққа байланысты ұшақ 1 сағат 23 минутқа кешігіп қонды. Әуежайдың қызметі дайындыққа келтірілді. Ұшақты арнайы авариялық жағдайда қондыру үшін өрттің алдын алу мақсатында ұшу-қону жолағы көбікпен жабылды.
Астана әуеайлағы жауапкершілік аймағындағы төтенше жағдай туралы хабарламаны алғаннан кейін, хабарлама сұлбасына сәйкес Астана қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінен әуежайға 7 бірлік өрт техникасы және бес жедел жәрдем машинасы келді.
Ұшақ бортында 5 экипаж мүшесі және 89 жолаушы болған. Зардап шеккендер болған жоқ. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары басталды.
Ұшақтың авариялық жағдайда қонуын күту себебінен әуежай сағат 09:34-тен сағат 10:57-ге дейінгі аралықта жабық болды, осы уақыт ішінде ұшуға төрт рейс, қонуға үш рейс кешіктірілді.