9.04.2015
Астана халықаралық әуежайы көктемгі-жазғы кезеңге дайындықты бастады

Астана халықаралық әуежайы көктемгі-жазғы кезеңге дайындықты бастады. Барлық әуежай құрылымдарының көктемгі-жазғы навигацияға дайындығын тексеру 2015 жылғы сәуірде аяқталады.

Ұшуларға жерүстінде қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін барлық қызметтер көлік пен арнайы техникаға маусымдық қызмет көрсетуді, технологиялық жабдықтың, әуеайлақтың және ұшу-қону жолағының пайдалануға дайындығын тексеруді бастады. Жолаушыларға және әуе кемесіне қызмет көрсетуге қатысатын бөлімше қызметкерлері арнайы нұсқамадан және оқытудан өтуде.

2015 жылғы көктемгі-жазғы кезеңге дайындық жолаушылар ағынының маусымдық  артуын  ескере отыра өтуде. Ұлттық авиатасымалдаушы «Эйр Астана» Қазақстанның, Таяу және Қиыр шетелдердің аса белгілі бағыттары бойынша ұшулар жиілігін арттыруда. Сонымен қатар, жазғы кезеңде әуежай жүктемесін біршама арттыратын ұшулардың жаңа бағыттарын, чартерлік туристік бағдарлама ашу жоспарланып отыр. Орташа есеппен көктемгі-жазғы кезең кезінде Астана әуежайынан апта сайын орындалатын ұшақ ұшуларының тұрақты рейстері саны өткен жылғы көрсеткіштерден асып кетеді, аптасына 350-ден 400-ге дейін. 2015 жылы рейстер санын,  2014 жылмен салыстырғанда, 11%-ға,  жолаушылар ағынын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Әуежай ішіндегі тиімді өзара байланысты және жолаушыларға қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қолдауды қамтамасыз етуге басты назар аударылып отыр.

Көктемгі-жазғы кезеңде Астана әуежайы жолаушылар терминалы құрылысы жобасын іске асыруды жалғастырады. Ол аэровокзал кешенінің өткізу қабілеттілігін арттыруға ықпалын тигізеді.