30.09.2015
Астана әуежайының екінші тынысы ашылады (2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 69 (2006) Қазақстан теміржолшысы газетіндегі мақала)

Қазақстан теміржолшысы мақала

 

Астана әуежайының екінші тынысы ашылады

Астана әуежайының екінші тынысы ашылады

Астана қаласының халықаралық әуежайы «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылтайшысы болып саналатын «Аэропорт Менеджмент Групп» ЖШС тарапына қарайтыны белгілі. Міне, осындай ынтымақтастықтың арқасында, бүгінде аталған ісі ауқымды маңызды нысанда жаңарып-жаңғыру жұмыстары қарқынды жүруде.

Жалпы, қазіргі кезде елордалық әуежай, тәулігіне орташа алғанда 12 мың жолаушыға қызмет көрсетіп, 140 рейс бойынша бабын жасайды екен. 18 әуе тасымалы компаниясы 14 ішкі және 24 халықаралық бағытта тұрақты рейстер орындауда. Өздеріңіз байқағандай, жоғарыда келтірілген құрылыс қадамдарының жемісінде жергілікті әлеует әлдеқайда өсіп, 2017 жылы 3 миллион 700 мың жолаушыға қолайлы ахуал туындату көзделуде. Ал 2020 жылы тіпті 4 млн 400 мың сапар шегушіге жан-жақты жағдай қалыптастыру батыл мұраттар сапында болып отыр.

– «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» бағдарламасы мен Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы аясында, алдымызда Астана шаһары мен жетекші әлемдік қаржы орталықтары арасында тікелей әуе қатынасын қамтамасыз ету жөніндегі биік белесті бағындыру күтіп тұр. Бұл меже «ашық аспан» ұстанымы бойынша шетелдік тасымалдаушыларға көкжиекті кеңейту арқылы атқарылады деп болжануда. Осы орайда, қазірден бастап, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қонақтарын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Қолданыстағы өткел жылына үш миллиондық қауқарға есептелгенімен, жаңа терминал пайдаланымға енгізілгеннен кейін, қосымша аумақ 40 мың шаршы метрді құрап, өткізу қабілеті жылына 7 миллионға көтерілмек. Бұл дегеніңіз, қарбалас сағатта 2525 жан діттеген жеріне аттану мүмкіндігін иеленеді. Үш деңгейлі терминал ең жаңа деген озық технологиялық құрал-жабдықпен жарақталады делінуде. Қайта құрылымдау талпыныстары 2017 жылдың наурыз айында аяқталатыны жоспарлануда, – деп әңгімелейді әуежайдың маркетинг және жұртшылықпен байланыс бөлімінің жетекшісі Людмила Копейчук.

Мәліметке жүгінсек, жаңа терминал салу мен ұшу-қону жолағының өрісін ұзартуда «Қазаэронавигация» компаниясының ескі ғимараттары сырылып, коммуникация-желілер, темір-бетон құрылымдар реттелуде. Қадалар қағылып, қиыршық тас себілген. Сонымен қатар, плиталар қаңқасы түзілуде. Биыл терминал ғимаратының темір-бетон және металл құрылымдары, сыртқы инженерлік желілер орнатылып бітеді екен. 2016 жылы жолаушылар терминалының іші-сырты ажарланып, түрленіп, ұшу-қону алаңына жауапты мамандар күрделі бүтіндеу әрекеттерімен айналыспақ. Тиісті іс-қимылдарға Ұлттық қордан қаражат бөлiнген әрі Еуропа қайта құру және даму банкiнен қарыз тартылуда. Қазақстан темiр жолы жағынан да тең қаржыландыру қарастырылған. Мәселен, Астана қаласының халықаралық әуежайы мен Еуразиялық қайта құру және даму банкі елорда әуежайының ұшақтар көкке самғап, қонарда табан тірейтін тұсын жаңғыртуға қатысты инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайлы өзара несиелік келісім шарт жасағаны белгілі. Игілікті істі тындыруға 8,5 млрд теңге көлеміндегі қомақты қаржы жұмсалмақ. 15 жылға түзілген, 3 жылдық жеңілдігі бар маңызды құжатқа Еуразиялық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ басшылығы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров қол қойғаны мәлім. Жауапты дүниенің «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасындағы ұлттық ауқымды жобалардың бірі болып табылатыны атап өтерлік жайт.

Сарапшылардың пікірінше, қазір, Астана әуежайының әуе кемелердің барлық түрлерін шектеусіз қабылдауға шамасы жетеді. Әуежайдың ИСО 9001-2001 Қазақстан Республикасы стандарттардың СМЖ талаптарына сәйкестік сертификаты және IQNet бірыңғай халықаралық үлгідегі сертификаты бар. Елордалық әуежайдың дамуы ИАТА (Әуе көлігінің халықаралық ассоциациясы) және ИКАО (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Жүк және жолаушылар тасымалдайтын жаңа авиакомпаниялармен қарым-қатынас жасау үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Әуежайдың жағрапиялық орны, яғни Еуразия орталығында орналасуы авиакомпаниялардың қарым-қатынас жасауға қызығушылығын тудыруда екен. Астаналық әуежай азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) ІІІА санатымен сертификатталғаны назар аударарлық.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

29.09,10:38