14.12.2015
Елордалық әуежайда мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізушілерге арналған семинар-тренинг өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және бөлімнің жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес, тілдерді дамыту бөлімі терминология және аударма мәселелеріне арналған семинар-тренинг өткізді.

Жалпы семинарға құрылымдық бөлімшелерде мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізетін қызметкерлер, мемлекеттік тілді оқыту сабақтарының іс қағаздарын жүргізу  тобына қатысатын отызға жуық  қызметкер қатысты.

Семинарды тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Сейтмағанбетова Роза Елеуқызы ашып, қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік мейрамының 24 жылдығымен құттықтады. Құттықтау сөзінде «тәуелсіздіктің тірегі – мемлекеттік тіл» екендігін, ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің «мемлекеттік тіл» мәртебесіне көтерілу жолын сөз етті.

Семинар барысында тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Айнұр Мұқанова жаңадан қолданысқа енгізілген сөздермен таныстырса, мемлекеттік тілді оқытушы Кенже Зәмзебай ресми құжаттарда сын есімдердің қолданылуы,  ресми құжаттарда «туралы, жөнінде, бойынша» септеуліктерінің қолданылуы және неологизмдер туралы айтып өтті. Бөлімнің маманы Әсем Төлекова терминдер мен сөздердің қолданыстағы бірізділігін сақтау, орфографиялық талаптарды сақтау, пунктуациялық талаптарды сақтау туралы айтып, жиі кездесетін қателіктер және редакциялық түзетулер бойынша мәтінмен жұмыс жүргізді. Аударма – бір тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілге дәл,  әрі толық қайталай бейнелейтін тілдік қимыл. Сондықтан іс қағаздарын жүргізушілерге үлкен міндет қойылатыны ақиқат. Семинарға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдіріп, алғыстарын айтты.IMG_1007 IMG_1009 IMG_1020