17.06.2016
Астана әуежайындағы мемлекеттік тіл

Қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын өзіміздің мемлекеттік тіліміз. «Астана халықаралық әуежайы» АҚ жолаушыларға мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсету мақсатында мемлекеттік тілді оқыту сабақтарын тұрақты негізде ұйымдастырады. Мемлекеттік тілді оқыту сабақтары 2015 жылғы 01 қазаннан – 2016 жылғы 10 маусым аралығында ұйымдастырылды. Бастауыш, жалғастырушы, жоғары деңгей бойынша 7 топ құрылып, 21 қызметтен   66 жұмыскер сабақты сәтті аяқтады.

Ағымдағы жылдың 14 – 16 маусым аралығында «Астана халықаралық әуежайы» АҚ жұмыскерлерінен мемлекеттік тілден сынақ қабылданды. Сынақты табысты тапсырған  жұмыскерлер оқудан босатылды, 17 жұмыскер келесі оқу жылы сабақты жалғастырады.

Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз еліміздің азаматтарын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, елжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Бұл ретте Астана халықаралық әуежайы да өз үлесін қосып жатыр.